«NatRoboCom (National Robotics competition)» ұлттық роботтық техника жарысы

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.» - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» бағытында көрсетілгендей, қазіргі таңда ІТ технология мен инженерлік бағыттар басты рөл атқарған заманда ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа бүгінгі сұранысқа сай дәріптей білудің өзі маңызды міндетке айналып отыр.

Мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарының ішінде «Роботтық техника» факультатив немесе үйірме ретінде жүргізілуде. Роботтық техникадан Робоспорт бойынша көптеген жарыс категориялары бар. Солардың бірі қазіргі таңда классикалық категорияға арналған «Робо сумо» жарысы. Сумо спортының Жапондықтардың ұлттық спорт түрі екені белгілі, ал бүгінгі таңда роботтық техникаға келген әр бір оқушы алғашқы бастауды осы категориядан бастайды десек те болады.

2018-2019 жылы орталықта «Робоспортқа ұлттық ойындарды енгізу» жобасы қолға алынып, «Қыз қуу», «Ақ сүйек» және «Арқан тартыс» ойындары мен спорт түрлерінің шынайы өмірдегі жарыс ережесін негізге ала отырып LEGO MINDSTORMS EDUCATION EV3 платформасына негізделген жарыс алаңдарын және қатысатан роботтарға арналған ережелері жасақталып шықты. Әр категорияға арналған жарыс алаңдарын қатысушылар тек жарыста емес, сонымен қатар сабақ уақыттарын оқу-жаттығу алаңы ретінде қолдана алады. Себебі әр жарыс алаңын жасау барысында бүгінгі таңада роботтар жарысы үшін маңызды рөлге ие болатын компаненттер, яғни деңгейі жоғары жарыстардың алаңдары ескерілді, қолданылды.

«NatRoboCom» жарысы басталғаннан бері бір жыл ішінде 5 облыстық (Орал және Қызылорда), 1 аудандық және 2 шебер-сынып өткізілді. Бұл аталған жарыс категориясына қызығушылық пен қолдаудың жақсы деңгейде екенін көрсетеді.